Ақпарат айдынындағы «Жаркент өңірі»
1921 жылғы 1 маусымда алғашқы нөмірі жарық көрген «Кембағалдар авази» (Кедейлер үні) газетінің тұңғыш шығарылымына ұйғыр халқының көрнекті перзенті Абдолла Розыбакиев қол қойған еді. Содан бері сан аунаған тарихтың дөңгелегімен бірге тербетілтен басылым әр жылдары «Колхозчилар авази» («Голос колхозника»), «Социалистік жол», «Еңбек туы», «Ұшқын», «Искра», «Жаңалық жаршысы», «Октябрь нұры» атауларымен жарық көріп, көпшіліктің қолына қолжетімді таралыммен жетіп отырды.
1991 жылдан тартып «Жаркент өңірі» атауымен жарық көріп келе жатқан ақпарат айдынындағы аудандық газеттің бүгінгі таңдағы таралымы 8000-ға жуық дананы қамтып отыр. Аптасына бір рет (жұма күндері) үш тілде (қазақ, орыс, ұйғыр) шығатын газеттің директор-бас редакторы білікті басшы, қаламы жүрдек журналист, арқалы ақын Бағдат Бейсенқызы Айтмұқаева.
Ақпарат айдынында өзіндік үні, келісті қолтаңбасы бар аудан айнасы-«Жаркент өңірі» газеті республикалық, облыстық байақаулардың жүлдегері атанып жүр. Газеттің бас редакторы Бағдат Бейсенқызы-сыншы Сағат Әшімбаев атындағы, ал ардагер журналист Садық Жұмабаев – Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың иегерлері.
Газеттің өзі бір күндік болса, сөзі - мың күндік. Бүгінгі таңдағы ақпараттық көзі мен құлағына айналып отырған басылымда әр жылдары Абдукерим Тудияров, Рай Омашев, Хетип Малыбаев, Абдрахман Бәрамов, Мырзағали Нұрсейіт, Құсайын Бейсебай, Нұрахмет Ахметов, Нұрәділ Бегімбет, Роза Ыстай, Омарғали Сәду сияқты қаламы жүрдек журналистердің қызмет жасағанын қашан да мақтаныш етеміз. Бүгінде бұлардың жолын қуып, өнімді еңбекке жұмылып отырған Қазақстан журналистері Одағының мүшелері: фототілші Жұмағазы Бейсебек, ақын Құсайын Бейсебай, Қазақстан Заңгерлер Одағының мүшесі Бекмұхамет Серікбаев, Гохарбуви Исмайилжанова, Ақмарал Хаметжанова сияқты журналистердің тынымсыз еңбегі-атан түйеге жүк болғандай.
Газеттің оқырманына кезінде жетіп, сапалы да көркем шығуына өзіндің үлестерін қосып келе жатқан оператор-дизайнер Гүлнәр Сансызбаевға, оператор-терімші Айгүл Нақысбековаға, есепші Эльвира Рахматуллинаға, құрылтайшы Жанат Нұрмановқа айтар алғысымыз да мол.